Астанада бір топ тұрғындар “Мардан” тұрғын үй кешеніне ақша құйып, кейін алданып қалғандарын жеткізді. Айтуларынша, көпбалалы, жалғызбасты, тіпті әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қолдарындағы жиған-тергені мен несие алып жаңа пәтерге жұмсаған. Алайда 3,5 миллиард теңгені алған құрылыс компаниясында бұл нысанды салуға рұқсат болмаған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Депутат Бақытжан Базарбек өз парақшасында тұрғындардың үндеуін салды. Видеода тұрғындар “Assyl-Nur Qurylys” компаниясына шағымданып, президенттен көмек сұраған.
“Біздің арамызда жас отбасылар, көп балалы, жалғызбасты аналар, ерекше қажеттілігі бар жандар мен еңбек ардагерлері бар. Барлығы осы үйге өз жиған-тергендерін салып отыр. Кейбірі бұрын тұрған баспаналарын сатқан, несие алып, тіпті Trade-in арқылы үйлерін алмастырған. Олардың бәрі өмірлерін жақсартқысы келді. Алайда біз алданып қалдық. Алаяқтар 3,5 миллиард теңгені алып отыр. Сонымен қоймай ресми деректерге сәйкес олар мемлекетке 200 миллион теңге салық төлеуі қажет болған. Бірақ олар тек 1 миллион 400 мың теңге төлеген. Құрылыс салушы “Assyl-Nur Qurylys” пәтерлерді сатып бастаған кезде құрылысқа рұқсаты болмаған. Соған қарамастан бұл тұрғын үйді ашық әрі белсенді түрде жарнамалады. Кейін салымшылармен қазіргі кезде ресми құжат болып саналмай қалған шарттар жасады. Одан бөлек, адамдар салым салып жатқан кезде құрылыс компаниясына қатысты сот жүріп жатқанын білмеді. Біз сот отырыстарына қатыспадық. Біздің құқығымызды ешкім елеп отырған жоқ. Белгілі болғандай құрылыс салушы компания 2024 жылы сотқа тартылған”, – деді бір топ адам.
“Көптеген отбасы баспанасыз, қарызға батып шарасыз қалды”
Алданғандардың айтуынша, бұл компанияның ісі сотта бірнеше рет қаралған. Алайда онда да салымшылар тарапы ескерілмепті.
“2024 жылдың 25 сәуірінде, 2024 жылдың 5 тамызында 2024 жылдың 24 желтоқсанында отырыстар болып, 2025 жылдың 21 ақпанында сот шешімімен үйді сүру туралы шешім қабылданды. 2025 жылдың 5 шілдесінде сот актісін орындау мақсатында нысан сүрілді. Сонымен қоса құрылыс салушыға жалған ақпарат таратып, белсенді жарнамалағаны үшін шара қолданылды.
Бұл жағдай өздерінің қолындағы бар жиған-тергендерін салған азаматтарымыз үшін моралдық та, материалдық та ауыр тиді. Көптеген отбасы баспанасыз, несиеге қарызға кіріп, күйзеліс пен шарасыздықта қалып отыр. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін ауыр тиюде. Соған қарамастан мемлекеттік органдар құжаттарды тексеріп алмады деп бар кінәні салымшылардың өздеріне артып отыр. Біз бәрін тексергенбіз, барлығы дұрыс болды. Тек құрылысқа рұқсат береді дегенге, ашық жарнама мен құрылыс компаниясының сенім хатына сендік”, – деп қосты олар.
Көпшілік қорытындылай келе билік өкілдері мен Астана әкімдігінен осы мәселеге назар аударуды сұрады.
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұған дейін құрылыс саласында ашықтық болуы керек екенін, азаматтардың құқығы қорғалуы керек екені, құрылыс компанияларының жосықсыз әрекеттеріне жол берілмейтінін бірнеше рет айттыңыз. “Мардан” тұрғын үй кешенінің оқиғасына мемлекет назарын аударуы керек. Бүгін осы тұрғын үйдің салымшылары бұл істі жеке назарыңызға алуды сұраймыз. Құқық қорғау органдары құрылыс компаниясының барлық әрекетін жақсылап тергеуін, жәбірленген отбасыларға мемлекеттік көмек көрсету жолы қаралуын, Астана әкімдігінің іске араласып, азаматтардың құқығын қорғауға атсалысуын сұраймыз. Біз – “Assyl-Nur Qurylys” компаниясынан жәбір көрген жандармыз. Сіздердің іске аралсып, әділдік орнататындарыңызға сенеміз. Құрылыс орнына немесе осыған ұқсас жерден салымшыларға жаңа ғимарат құрылысын бастауға рұқсат берулеріңізді сұраймыз”, – деп қорытты олар.
“Неге тұрғын үй кешенін сүрген кезде салымшылардың құқықтары ескерілмеді?”
Депутат Бақытжан Базарбек бұл істе бірнеше шикіліктердің бар екенін алға тартты.
“Менде бірнеше сұрақ туындап отыр. Неге салымшыларды сотқа жеке талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде қатыстырмады? Неге тұрғын үй кешенін сүрген кезде салымшылардың құқықтары ескерілмеді? Неге осы уақытқа дейін құрылыс заңсыз болғанын, ал құрылыс жүргізуші пәтерлерді еркін сатып жүргенін салымшылар білмеді?
Енді, салымшылардың бастамасымен қозғалған қылмыстық істі азаматтық дауға айналдыруға тырысып жатыр. Біз бұл жағдайды жіті зерттеп, тек осы мәселені емес, жалпы арам пиғылдағы құрылыс компанияларына байланысты барлық мәселелер парламент деңгейінде көтеретін боламыз”, – деп жазды депутат.
Stan.kz тілшісі осы мәселеге қатысты Астана әкімдігінен пікір сұрады. Әкімдіктің айтуынша, құрылыс компаниясы пәтерлерді сатқанда тұрғындарды заңды түрде үлескерлер ретінде тіркемеген. Сол себепті олар үшінші тарап ретінде сотқа шақырылмаған.
“Бұл нысанның құрылысы Қазақстанның құрылыс және жер заңнамасын өрескел бұза отырып жүргізілген. Құрылыс салушыда бекітілген жоба да, жер учаскесіне заңды құқық та болмаған. Уәкілетті орган заң бұзушылықтарды жою туралы талап қойса да, құрылыс салушы оны елемеген. Кейін сот шешімімен бұл талапты мәжбүрлеп орындату көзделді, алайда ол да орындалмады. Осы себепті әкімдік заңсыз салынған нысанды бұзу туралы сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Сот барлық дәлелдерді қарап, заңға сәйкес ғимаратты бұзу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, үлескер әрқашан құрылыс салушының рұқсаттары бар-жоғын өзі тексеруге міндетті. Ресми рұқсаттары бар құрылыс компаниялары туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың сайттарында ашық түрде қолжетімді”, – деді ведомство.