BANNER

Сержанның қарбызы

Фото автордікі

Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданы бұрынырақта қымызымен, кейін келе қымызға шапанын қосып бренд қылған ел еді. Соңғы бес жылда "Жаңаарқаның қарбызы" деген түсінік пайда болды...

"Жақсыны көрмекке" деген тәмсілді ұстанып Жаңаарқаға ат басын тіредік.  Бізді ауданның кіре берісінен Сержан ағамыздың өзі күтіп алды. Амандық-саулықтан соң бірден алдымызға түсіп, қарбыз егілген алқапқа жол бастады.

Ауданнан 2-3 шақырымдай жерден жал мерзімі 4 жыл 11 айға 2,5 га жер алған екен. Бала-шағасымен қосты көлеңкелеп, бел жазбай еңбектеніп жүрген ағамызға сүйсініп отырмыз.

Өзім қойшының баласымын. Бауырларым қырда қой бағып жүргенде мен үйдің маңын қоршап, шағын бақша жасап, сол жерге қияр, қызанақ және қарбыз егетінмін. Бұл әдетімді әскерден келген соң да, өз алдыма жеке үй болған соң да тастамадым. Қарбыз дегеніңіз бір бірімен жарысып өскенді жақсы көреді. Көбірек еккен сайын үлкейе түсетінін байқадым. Сөйте келе "Бұл қызығушылығымнан пайда көретін кәсіп неге жасамасқа?",-  деген ойға бекіндім. Осылайша, 2021 жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен жалға жер алып, қарбыз ектім,-дейді Сержан ағай.

Ағамыздың әңгімесін тыңдай бергің келеді. Сонадай жерде бала-шағасы қарбыз іріктеп жатыр. Кішкентай ұлы қарға мен сауысқан қуып әлек.

Биыл шегіртке көп болды. Мәселен, мына қиярды қараңыздар. 4 мыңға жуық қияр түбін отырғызғанмын. Бәрін шегіртке қырып кетті. Үш рет ектім. Үшеуін де жапырып кетті. Қарбызға да зиянын тигізді. Кешкі мезгілде қоян, қарсақ маза бермейді. Ана жолы шибөріні де көзіміз шалды. Қоян дегеніңіз мультфильмде ғана сәбіз жейді екен. Былайғы өмірде қауынды да, қарбызды да "пытырлатып" кетеді екен,-деп ағамыз кеңкілдеп күліп қояды.

Жаңаарқаның жер асты суы өте жақыннан шығады. Ағамыз екі жерден скважина қазған. Шамамен 3-4 метр тереңдіктен екі су сорғышпен су жіберіп, тамшылатып суару әдісін пайдаланады екен. Қарбыз дегеніңізді күнде суару керек. Әбден үлкейіп, жеуге жарады-ау деген кезде ғана, жинап алардан 7-8 күн бұрын суды тоқтату керегін біліп алдық. Міне, осы сәттен бастап қарбыз бойына қант жинап, қызыл түске бояла бастайды екен.

Біздің өңірде "Құралай" бар ғой. Осы жауынды күндерден соң егеміз қарбызды. Егер, оның алдында егіп, қарбызыңыз көктесе үсіріп аласыз. Дәрі қосып ертерек пісетіндей етуге болады. Бірақ, жиырма күннің арысы не деген ұстанымдамын өзім. Қазір аудан орталығында Қызылорданың қарбызы 200-220 теңгеден тұр. Менің қарбызымды жұрт 180 теңгеден алып жатыр. Бастысы, халықтың қолдауын сеземін. Алдағы уақытта іргеміздегі Бидайық ауылынан үлкен алқап алып, шаруамды кеңейтсем бе деп отырмын. Әрине, әкімдік тарапы бұл ұсынысымды қолдап, түрлі бағдарлама арқылы көмек қолын созуға әзір екендігін білдіруде,-деп Секең алдағы жоспарымен бөлісті. 

Ал, біз көлігіміздің артына "Жаңаарқаның екі қарбызын" салып ап үйге қайттық.