BANNER

Қарағандылық Алан Құрманғалиев Қытайдағы беделді үстел теннисі турнирінде қола медаль жеңіп алды

Gov.kz

Қарағанды облысының жас спортшысы Алан Құрманғалиев өз жетістіктер қоржынына жаңа жүлде қосты. Ол Қытай астанасы Бейжіңде өткен беделді China Youth Smash халықаралық турнирінде тамаша ойын көрсетіп, қола медаль иегері атанды.
Жарысқа 19 жасқа дейінгі әлем мен Азияның үздік жас теннисшілері қатысты. Алан Құрманғалиев Сингапур, Корея және Қытай елдерінің атақты әрі тәжірибелі қарсыластарын жеңіп, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.
Мамандар мен жанкүйерлердің пікірінше, қарағандылық спортшы осы турнирде ерекше табандылық пен шеберлік көрсетті. Ширек финалда ол әлем чемпионы Ли Хэчэнді (Қытай) 4:3 есебімен тізе бүктірсе, жартылай финалда жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы Вэн Жуйбомен (Қытай) кездесіп, тартысты ойында турнирді қола жүлдемен қорытындылады.

Алан Құрманғалиев өз жанкүйерлерін және тұрақты бапкері Эльмира Әлиеваны жаңа жетістіктерімен қуантуды жалғастыруда.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта 11–15 қазан аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласында өтетін 28-ші Азия чемпионатында 22 елдің үздік спортшылары сынға түседі. Қазақстан құрамасы сапында төрт қарағандылық теннисші — Алан Құрманғалиев, Зауреш Ақашева, Жанерке Қошқұлбаева және Альбина Жақсылықова ел намысын қорғайды.
Фото: Қазақстан үстел теннисі федерациясы