BANNER

Қазақстандық блогерге Instagram-дағы посты үшін айыппұл салынды

Фото: iStock

Талдықорғанда блогерге Instagram желісінде жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Жетісу облысының соты "Krisp.tdk" парақшасының пайдаланушысына қатысты әкімшілік істі қарады. Ол 2025 жылғы 31 мамырда азамат К.А.-ның құқықтарын бұзатын мәліметтерді жариялаған.

Соттың мәліметінше, жарияланған жазбада ресми түрде расталмаған ақпарат болған және бұл аталған азаматтың заңды мүдделеріне нұқсан келтірген. 

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, блогер К. кінәсін мойындамаған. Бірақ, ұсынылған материалдар соның ішінде әлеуметтік желіден алынған скриншоттар оның кінәсін дәлелдейтін айғақ ретінде қабылданды.

Сот қаулысымен блогер К. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 117 960 (жүз он жеті мың тоғыз жүз алпыс) теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, - деп жазылған хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.