BANNER

Қарағанды облысында АӨК саласында 33 инвестициялық жоба іске асырылуда

Gov.kz

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын қамтитын жалпы құны 46 миллиард теңге болатын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңа сүт-тауар фермалары, көкөніс сақтау қоймалары, суару жүйелері және өзге де нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Жобалар өсімдік және мал шаруашылығын, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді қамтиды.

Биыл мамыр айында Нұра ауданының Көбетей ауылында 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы ашылды. Еуропалық стандарттармен жабдықталған бұл нысан толық қуатына шыққанда жылына шамамен 9 мың тонна сүт өндіреді. Қазірдің өзінде 20 жаңа жұмыс орны құрылса, болашақта олардың саны 60-қа дейін жетпек.

– Бұрын бүкіл аудан күніне 27 тонна сүт өндіретін болса, енді бұл көлемді бір ғана ферма қамтамасыз етіп отыр. Мұнда барлығы бір аумақта іске асырылған: жем-шөп базасы құрылды, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғанының дәлелі, – деді нысанның ашылуында Қарағанды облысы мен Нұра ауданының Құрметті азаматы Георгий Прокоп.

Қазір Осакаров ауданында 6000 басқа арналған сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл – Қазақстандағы мал шаруашылығы саласындағы ең ірі жобалардың бірі, жоба құны 30 миллиард теңгеден асады. Кешеннің қуаты жылына 70 мың тонна сүт болады деп күтілуде, сондай-ақ 180 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазірдің өзінде голштино-фриз тұқымды сиырлардың алғашқы партиясы сатып алынды, өз жем-шөп базасы дайындалып жатыр.

Бұл жобалар аймақтағы сүт өнімдеріне деген сұранысты толық қамтуға мүмкіндік береді.

Суармалы жерлер бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл суармалы алқап көлемі 8,7 мың гектарға ұлғайтылады. Бұл климаттың өзгеру жағдайында тұрақты өнім алуға жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, өңірде заманауи көкөніс пен астық сақтау қоймалары, өңдеу кешендері де салынуда.

– Бұқар жырау ауданының Баймырза ауылында 4000 тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр. Ол жаз соңына дейін пайдалануға беріледі. Нұра ауданында «Шахтёрское» элиталық шаруашылығы 14 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салуда. Бұл жоба да биыл аяқталады. Өткен жылы облыс шаруалары мол өнім жинады, бұл оларды қосымша сақтау орындарын қамтамасыз етуге ынталандырып отыр. Бүгінде шаруашылықтар әлеуметтік бағада картоп жеткізу жөнінде келісімшарттар жасасуда, ал сақтауға арналған өз базалары бар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ануар Төлеубеков.

Айта кетейік, Қарағанды облысы – Қазақстан бойынша картоп өндірісі көлемі жөнінен екінші орында. Өңір ішкі қажеттіліктен үш есе артық өнім өндіреді. Бұл экспорт пен қайта өңдеу үшін зор әлеует береді.

Етті мал шаруашылығында селекциялық және тұқымдық жұмыстарды ынталандыруға басымдық берілген. Қарқаралы ауданында 5000 басқа арналған ұсақ және ірі қара мал бордақылау алаңы салынады. Ақтоғай ауданында асыл тұқымжя репродукторды ұлғайту көзделген. Мұнда бірнеше шаруа қожалығы бірігіп, қой, жылқы және ірі қара өсірумен айналысуда. Ал Шет ауданында бір шаруашылық жылқы санын 3000 басқа дейін жеткізу жобасын іске асыруда.

Сондай-ақ облыста құс фабрикасын жаңғырту жобасы жүзеге асырылып, жұмыртқа өндірісі ұлғаяды.

Қарағанды қаласында өсімдік майын өндіретін зауытты кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Қазір кәсіпорын күнбағыс, зығыр және соя майының бірнеше түрін шығарады. Ай сайынғы өндіріс көлемі шамамен 1,5 мың тоннаны құрайды. Келешекте бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарлануда. Кәсіпорын отандық, соның ішінде жергілікті шикізатқа басымдық береді. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын қосымша жұмыс орындары да ашылады.