Қарағандыда заманауи оқу-жаттығу орталығы — Футбол академиясы ашылады. Бұл жерде облыстың балалары мен жасөспірімдері футболмен кәсіби деңгейде айналыса алады. Жоба аясында Қарағанды облысы әкімдігі мен Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жаңа спорттық нысан өңірдегі балалар және жасөспірімдер футболын, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға қосылатын маңызды үлес болмақ.
Облыс әкімі Ермаганбет Бөлекпаев жобаның жүзеге асуы — ұзақ әрі мазмұнды дайындықтың нәтижесі екенін атап өтті.
– Freedom компаниясымен алты ай бойы келіссөздер жүргіздік. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, бастамашыл компания. Бүгін біз маңызды кезеңді аяқтадық – «Шахтёр» футбол академиясын салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – біздің басты мақсатымыз. Бұл жолда мемлекет пен жеке сектордың ресурстарын біріктіруге дайынбыз. Жоба ауқымды, мен оның өңір тұрғындарына үлкен тарту болатынына сенемін, – деді Ермаганбет Бөлекпаев.
Академия жобасын Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов таныстырды. Ол Қарағанды облысының қазақстандық футбол тарихындағы ерекше орны бар екенін атап өтті.
– Қарағанды – спорттық дәстүрі терең, рухы биік өңір. Мұнда жеңіске деген жігер мен табандылық тәрбиеленеді. «Шахтёр» командасының еурокубоктың топтық кезеңіне өтуі – отандық футбол тарихындағы ерекше оқиға. Біз бұл Академияны жай ғана спорттық инвестиция ретінде емес, жастарды дамытуға және Қазақстандағы футбол инфрақұрылымын жетілдіруге арналған маңызды жоба ретінде қарастырамыз. Академия болашақ таланттарды тартатын орталыққа айналады деп сенемін, – деді Тимур Турлов. – Өңірмен бұрыннан қалыптасқан нәтижелі серіктестігіміз жаңа жобаның сәтті жүзеге асатынына сенім береді.
Жоба халықаралық стандарттарға сай оқу-жаттығу орталығын құруды көздейді. Жалпы ауданы 9 гектардан асатын аумақта үш толық өлшемді футбол алаңы, оның ішінде жабық манеж бен жылыту жүйесімен жабдықталған жаттығу алаңы, 3500 орындық жаңа стадион, интернат, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, медициналық кабинеттер және басқа да нысандар салынады. Құрылыстың жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Академияда тек спорттық дайындыққа ғана емес, оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына да басымдық беріледі. Нысан құрылысы үшін Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарының ортасынан жер телімі бөлінген.
Жаңа академия «Шахтёр» футбол клубының болашақ ойыншыларын даярлайтын басты база болмақ. Сондай-ақ мұнда клубтың балалар-жасөспірімдер және әйелдер лигасын дамыту жұмысы жалғасады.