Қарағандылық 2016 жылы туған футболшылардан құралған «Скаут» командасы Қырғызстанда өткен NITRO ASIAN CUP турнирінде жеңіске жетті. Беделді жарыс Ыстықкөл жағалауында ұйымдастырылды. Сайысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 17 команда қатысты. Жас «скауттар» барлық алты ойында жеңіске жетіп, алтын жүлдеге ие болды.
Жартылай финалда команда Ташкенттің «Пахтакор» клубы академиясын жеңсе, финалда қарсыластардың ең мықтыларының бірі — алматылық «Қайрат» футбол академиясын 3:0 есебімен сенімді түрде ұтты.
– Қазір «Скаут» клубында шамамен 500 бала жаттығады, соның 300-і ARTSport бағдарламасы аясында тегін қатысады, – дейді клубтың негізін қалаушы әрі жаттықтырушысы Фёдор Богатырев. – Тәрбиеленушілеріміз үшін өте қуаныштымыз. Бізді үнемі қолдайтын ата-аналарға үлкен рақмет! Клубымыздың басты жетістігі – ішкі достық әрі сенімді атмосфера және спорттың беретін жағымды энергиясы. Алда бізді жаңа жарыстар күтіп тұр, солардан да жеңіспен ораламыз деген үміттеміз.
Жуырда ғана «Скаут» клубының 2015 жылы туған ойыншылары Қазақстан чемпионы атанған еді.
Қарағанды облысында бүгінде 40 мыңнан астам адам футболмен айналысады. Өңірде 100-ден астам команда бар.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша