2025 жылдың бірінші жартысында Балқаш көлінің деңгейі, Балтық жүйесі бойынша 341,55 метрден 341,87 метрге дейін, орта есеппен 32 сантиметрге көтерілді, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бүгінге дейін Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 8,52 миллиард текше метр су жіберілген. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 8 миллиард текше метр болған.
Биыл Қапшағай су қоймасынан көлге жалпы көлемі 12 миллиард текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Балқаштағы су көлемі негізінен трансшекаралық Іле өзеніне байланысты, ал оның ағысын Қапшағай су қоймасы реттеп отырады.
Биыл су қоймасы қатарынан екінші жыл 100 пайызға толды. Былтыр бұл нысан соңғы 10 жылда алғаш рет 100 пайызға толған. Қапшағай су қоймасының толуы Алматы облысындағы Ақдала мен Шеңгелді суармалы алқаптарын вегетациялық кезеңде сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Балқашты сақтау жөніндегі халықаралық ынтымақтастық
Балқашты сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл Француз ғылыми консорциумымен бірлесіп ұйымдастырылған көл бассейнін зерттеу мақсатында ауқымды далалық экспедиция өткен.
"Француз сарапшыларымен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге бағытталған. Бұл – былтыр Францияның Даму агенттігі және Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен бірге қол қойған үшжақты келісім аясындағы жұмыс", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.