BANNER

Жетісу облысында дүкенде жүрген баланы тоқ соққан

Фото: stan.kz

Желіде Талдықорғандағы дүкендердің бірінде баланы Kaspi терминалынан тоқ соққаны түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Видеоны зардап шеккен баланың анасы жіберген. Әйел осы видео арқылы тұрғындарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Оқыс жағдай Талдықорғандағы Seven дүкенінде болған. Видеодан баланың дүкен кіреберісіндегі есікті ұстап болғаннан кейін оң қолын Kaspi терминалына бағыттағанын көруге болады. Сөйтіп бала терминалды ұстаған сәтте оны тоқ ұрған. Қуанышқа қарай, тоқ соққан баланы әйелдің құтқарып қалғаны байқалады.

Ал, зардап шеккен баланың анасы Назым Адилова ашық жерде тоқ сымдарының жатпағанын атап өтті.

“Кеше менің ұлымды Kaspi терминалынан тоқ ұрды. Сол жерден ашық жерде тұратындай сымдар болмаған, бәрі сырттан қарағанда қалыпты көрінген. Баламның жүрегіне ультрадыбыстық зерттеу мен электрокардиограммаж жасалды. Ұлым өте ауыр жарақат пен қатты қорқыныш сезімін бастан өткерді. Ана ретінде мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деймін! Жаным ауырып тұр, бұл сұмдық. Қазір балам қатты қорқып қалған, жылай береді. Саусақтарында күйік бар, ауырсыну бар. Оны тоқ ұрғаннан кейін денесі тырысып, құрысып қалды. Балам қатты шошып, үлкен психологиялық соққы алды", – деді баланың анасы Назым Адилова.

Назым Адилова ұлының небәрі 7 жаста екенін, 1-сынып оқитынын айтты. Анасы дәл диагноз барлық анализдер мен тексерулерден кейін ғана белгілі болатынын ескертті.

"Қазір дәрігерлер толық тексеріп жатыр. Жағдайы әзірге тұрақты, бірақ осы жұмаға дейін ауруханада боламыз. Сол кезде баламның денсаулығы туралы нақты ақпарат беремін. Абай болыңыздар, сақтықта қорлық жоқ!" – деді Назым Адилова.

Анасы жіберген фотода бала терминалдың қай тұсын ұстап алғаны белгіленіп тұр.

Бұдан бөлек Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

“Кәмелетке толмаған баланың жарақат алуына алып келген, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету фактісі бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында қауіпсіздік нормаларының және құрылғыны орнату ережелерінің сақталуы тексеріліп жатыр. Кінәлі адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Тергеу заң талаптарына сәйкес қатаң жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды. Іс бойынша тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – деп жауап берді полиция департаменті.

Оқиғаға қатысты Kaspi.kz мәлімдеме жасады. 

"21 сәуір күні Талдықорғанда азық-түлік дүкенінің аумағында орнатылған Kaspi терминалының темір торына және корпусына қол тигізген баланы ток соғып, жарақат алды. Болған оқиғаға өкініш білдіреміз. Баланың сауығып кетуіне қажетті барлық көмекті көрсетіп жатырмыз, отбасымен байланыстамыз және оның тезірек сауығып кетуі үшін бар күшімізді саламыз. Абырой болғанда, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Біздің мамандар дереу оқиға орнына барып, жағдайдың себептерін мұқият тексеріп жатыр", – делінген хабарламада.