BANNER

Қазақстанда қолма-қол ақша жасайтын алаяқтар заңмен жазаланады

Фото: Ru.freepik.com

Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі белең алды. Тұтынушылық несие үшін берілетін жеңілдіктерді заңсыз қолма қол ақшаға айналдыратындар күрт көбейген, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтар жымысқы әрекетін тұрмыстық техника, смартфон, теледидар, тоңазытқыш сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырады.

Әлеуметтік желіде мұндайлардың жарнамасынан көз шалынады. Ал оған хабарласқан қарапайым тұрғын заңсыз схеманың қатысушысы болғанын білмей де қалады. Ол компания көрсеткен сауда желісінен немесе онлайн дүкеннен тұрмыстық техниканы бөліп төлеу арқылы сатып алады. Тауарды компания мүшесіне әкелген кезде олар тауар құнының 70-80%-ын клиенттің қолына ұстатады. Мұның бәрі түбіртек, ешқандай құжатсыз іске асады. Ал компаниядағылар әлгі затты ірі сауда орындарына кері қайтарады. Яғни, бір-бірімен байланысып жұмыс істейді. Ал заңгерлер сатып алушыға да, сатушыға да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған деп отыр.

“Бұл жерде нақты тауар алмасу болмайды. Өтірік сделка болады деген сөз. Соған сәйкес бұл жерде жауапкершілігі бар. Оны жасаған адам да ип-ны сатушы болса да, немесе айналдырған сатып алушы болса да. Заңды тұлға болсын жеке тұлға болсын оның мүлкісі тәркіленіп, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылады”, – дейді заңгер Данияр Киманов.