Бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен тәрбиенің маңызын атап өтіп, жастарды адалдыққа, еңбекқорлыққа баулудың жолдарын ұсынды. Президенттің айтуынша, бала тәрбиесі — тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді ол.
Мемлекет басшысы тәрбие мен білімді бөліп қарауға болмайтынын атап өтті. Тек осы екі құндылық қатар жүргенде ғана ұрпақ саналы, қоғам сапалы болады.
– «Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Жастарға дұрыс бағыт беру, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу – басты міндет», – деді Президент.
Осы мақсатта биыл еліміздің барлық мектептерінде, соның ішінде жекеменшік мектептерде де «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны педагогикалық жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынды.
Тоқаев ұлттық тәрбие жүйесінде бірізділік болу қажеттігін атап өтіп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адалдық, еңбекқорлық, үнемшілдік сынды құндылықтарды сіңіру қажет екенін айтты. Президент атап өткендей, мұндай қасиеттерге ие жастар ғана әділетті, қауіпсіз және мәдениетті қоғамның негізін қалай алады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама тек экологияны қорғау шарасы ғана емес, сонымен бірге сана мен жүрек тазалығы, жемқорлыққа жол бермеу, адалдықты дәріптеу секілді маңызды моральдық ұстанымдарды қамтиды.
– «Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды. Осындай адал азаматтар ғана Әділетті Қазақстанның тірегі бола алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дереккөз: Aqorda.kz