BANNER

Қарағанды – Қытай мен Еуропаны жалғайтын әуе қақпасына айналады

Gov.kz

Қарағандыдағы «Сарыарқа» халықаралық әуежайында заманауи авиаотын құю кешені салынады. Бұл нысан Қытайдың Үрімші қаласы мен Қарағанды арасындағы тікелей әуе қатынасын нығайтып, өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттырмақ.

 Жоба іске қосылған күні Қарағандыға алғаш рет Үрімшіден С909 әуе кемесі қытайлық ресми делегациямен келді.

Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Бөлекпаев нысанның іргетасын қалау рәсімінде жаңа кешеннің стратегиялық маңызын атап өтті.

— Мемлекет басшысы әуежайды дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Біз оны континенттік мультимодальды аэрохабқа айналдыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде жылына 50 мың тонна жүк өңдеу мүмкіндігі бар, ал төрт жылдан соң бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға жетеді. Каспий порттарының кеңеюімен бірге Қарағанды Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі логистикалық торапқа айналады, — деді аймақ басшысы.

Құрылыс үш кезеңнен тұрады: алдымен технологиялық жабдықтар орнатылады, кейін сыйымдылығы 2000 текше метрлік резервуар мен қызметтік ғимарат салынады, ал 2027 жылға қарай қойма көлемі 4000 текше метрге ұлғаяды. Жоба Petro China компаниясымен бірлесе, Еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай іске асырылмақ.