Қарағандылық жас робототехниктер халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бейжіңде өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионатында «Мұрагер» мектебінің ASTRIX командасы әлемнің 500-ден астам командасы арасында ІІІ орынға ие болса, «Дарын» мектебінің Ancient-TREX командасы Breakthrough Award – «Жыл серпілісі» арнайы жүлдесін жеңіп алды.

Бейжіңдегі байрақты бәсекеге әлемнің 30-дан астам елі мен өңірінен 5 мыңнан астам адам қатысты. Ancient-TREX командасы үшін бұл – әлемдік аренадағы алғашқы қадам. Соған қарамастан, қарағандылық оқушылар дүбірлі додада бірден халықаралық марапатқа қол жеткізді.

Қытайдағы чемпионатқа жолдама алу үшін команда бірнеше іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Алдымен өңірлік және республикалық чемпионаттарда бақ сынаған оқушылар Астанада ұйымдастырылған Central Asia FIRST Championship жарысында да сәтті өнер көрсетіп, Бейжіңдегі бәсекеге қатысуға квота иеленді.

— Бұл жарыс FIRST тарихындағы ең ірі чемпионаттардың бірі болды әрі маусымның қорытынды кезеңі саналды. Біз «Жыл серпілісі» номинациясына ие болдық. Бұл роботтар сайысы, жоба, негізгі құндылықтар мен түрлі белсенділік бағыттарының барлығында жақсы нәтиже көрсеткенімізді білдіреді. Әлемдік аренаға алғаш рет шыққанымызды ескерсек, бұл біз үшін үлкен жетістік. Жарыс барысында өз қателіктерімізді саралап, тәжірибе жинадық. Келесі жолы бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз, – деді команда мүшесі Ералы Болатов.

Жас робототехниктер чемпионатқа дайындаған инновациялық жобасында археологияны IT технологияларымен және ойын форматымен ұштастырған. Жобаның идеясы команда мүшелері жүргізген сауалнама нәтижесінде дүниеге келген. Оқушылардың пайымынша, жасөспірімдердің археологияға қызығушылығының төмендеуіне тарихты танып-білу үдерісінің көбіне оқулық оқумен шектелуі де әсер етеді.

— Біз түрлі тапсырмалар мен 3D артефактілерден тұратын интерактивті ойын жасадық. Арнайы платформа арқылы олардың әрқайсысын жан-жақты қарап, зерттеуге мүмкіндік бар. Биыл жобамызды одан әрі жетілдіріп, ойынға Arduino технологиясын қостық. Ойын алаңына арнайы магниттер жалғанған. Олардың көмегімен ойын барысында танымдық бейнематериалдар автоматты түрде іске қосылады, – деді команда жетекшісі Айша Орынбасар.
Чемпионаттың Қытайда өтуі де жоба тақырыбын таңдауға әсер еткен. Оқушылар Ұлы Жібек жолын негізгі тақырып етіп алып, Қазақстан мен Қытайдың тарихын өзара сабақтастырды. Ойын мазмұнына сол дәуірде өмір сүрген өркениеттер туралы бейнематериалдар енгізіліп, тарихты меңгеру үдерісі қызықты әрі танымдық интерактивті саяхатқа айналған.

Жарыс барысында команданың төзімі мен дайындығын сынға салған сәттер де болды. Төрешілер алдындағы таныстырылым кезінде оқушылар тілдік кедергіге тап болды: үш төрешінің арасынан ағылшын тілін тек біреуі ғана меңгерген. Алайда алдын ала жүргізілген тыңғылықты дайындықтың арқасында команда бұл сынақтан ойдағыдай өтіп, өз жобасын лайықты деңгейде таныстыра алды.
Жалпы, Қазақстаннан барған командалар чемпионатта жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, шетелдік қатысушылармен иық тіресе өнер көрсетті.Жаңа оқу жылы басталысымен Ancient-TREX командасы халықаралық жарыста жинақтаған тәжірибесін саралап, дайындықты қайта жалғастырмақ. Жас робототехниктер ендігі мақсаттарын одан да биік қойып, келесі жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізуге ниетті.

— Балалар орасан зор еңбек атқарды. Біз – небәрі өткен оқу жылында құрылған жас командамыз. Құрамымызды біртіндеп жинақтадық. Соған қарамастан, бір жылдың ішінде Бейжіңге барып, «Жыл серпілісі» секілді халықаралық марапатқа ие болдық. Меніңше, бұл – біздің алдағы жеңістеріміз бен жаңа жетістіктеріміздің бастауы ғана, – дейді команда жетекшілерінің бірі, «Дарын» мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Назира Смағұлова.