Абай ауданындағы Дубовка кентінде су құбыры мен кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдарды жаңартуға кірісті. Биыл елді мекендегі тағы бес көшеге жаңа асфальт төселеді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Абай ауданына жұмыс сапарын Дубовкадан бастады. Ол мұнда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен және елді мекенді одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.

Дубовкада төрт мыңнан астам адам тұрады. Осы уақытқа дейін елді мекендегі барлық жол топырақ жол болған. Тұрғындар асфальт төселуін көп жыл күтті. Алайда бұған дейін жер асты инженерлік коммуникациялары мәселесін шешу қажет болды.

Өткен жылы жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде.

Қазірдің өзінде бес көшеге асфальт төселді, биыл тағы бес көшеде жаңа жол жабыны жасалады. Қалған көшелерге қиыршық тас төселді. Алдағы уақытта оларды да асфальттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Дубовкада ұзындығы 1389 метр болатын жабық нөсер кәрізі салынуда.

Ауылдың сыртқы келбеті де өзгеріп келеді. Дубовка арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдың бойына бірыңғай үлгідегі қоршау орнатылуда.

Қақпасы мен бастырмасы бар жаңа еурошарбақ қазірдің өзінде 2,8 шақырым аумаққа орнатылды.

Биыл жобаны толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұл шешім көшелердің көркін келтіріп қана қоймай, ауылдың біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Саябақта жасыл түсті мүсіндік композициялар пайда болды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Дубовкада мектеп, мәдениет үйі, шағын орталық және музыка мектебі жөндеуден өтті. Спортпен айналысуға жағдай жасау үшін стадион жаңартылып, воркаут алаңы салынды.

Ермағанбет Бөлекпаев ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ендігі міндет – ауылды газдандыру. Бұл елді мекеннің тартымдылығын арттырып, мұнда жаңа тұрғындардың қоныстануына мүмкіндік береді.