Қарағандының Орталық саябағында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді

Сурет: Life09

21 тамызда Қарағандының Орталық саябағында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Іс-шараға 30-ға жуық жұмыс беруші қатысып, түрлі салалар бойынша жұмыс іздеушілерге 600-ден астам өзекті бос жұмыс орнын ұсынады.

Жәрмеңке сағат 16:00-де сахна маңында басталып, бір сағатқа жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара әсіресе жастарға, 2026 жылғы оқу орындарының түлектеріне, сондай-ақ қазіргі таңда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға тиімді мүмкіндік береді.

Қазір еңбек нарығында педагогтерге, медицина мамандарына, жүргізушілерге, сатушыларға, электриктерге, менеджерлерге, кассирлерге және жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне сұраныс жоғары.

Жәрмеңкеге келушілер жұмыс берушілермен тікелей байланысып, еңбек жағдайлары мен талаптары туралы толық ақпарат алып, өздеріне лайықты жұмыс орнын таңдай алады. Сонымен қатар шараға Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандардың пробация қызметтерінің өкілдері де қатысады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz порталында Қарағанды қаласы бойынша 2 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған.