BANNER

Артында 5 баласы қалды: Ақтауда ер адам суға батып бара жатқандарды құтқарып, өзі батып кеткен

Фото: istockphoto.com

Ақтау маңында ер адам суға батып бара жатқан адамдарды құтқарып, өзі батып кетті. Марқұмның артында 5 баласы қалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

АймақтықLadaбасылымының мәліметінше, қайғылы оқиға өткен демалыс күндері Каспий жағалауында болған. Құрық ауылының 39 жастағы тұрғыны Ерлан Шонтабаев Ақтау маңындағы демалыс орындарының бірінде суға батып бара жатқан адамдарды құтқарып жатып көз жұмды. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға күні Ерлан Шонтабаев достарымен бірге теңіз жағасында демалып жатқан. Ішімдік ішпеген. Дәл сол жерде екі қыз және екі жігіттен тұратын басқа бір топ демалып жүрген екен. Шомылу кезінде екі қыз суға бата бастаған. Сол сәтте екі жігіттің бірі қыздарға көмекке ұмтылып, екіншісі айналадағыларды көмекке шақыра бастаған.

"Көмек сұраған дауысты ести салысымен, Ерлан еш ойланбастан суға секірген. Ол қыздарды құтқарып үлгерген, бірақ жігітті алып шығуға барған кезде, жігіт үрейленіп Ерланның аяғынан ұстап алған болуы мүмкін, соның салдарынан екеуі де суға батып кетті", – дейді марқұмның жақындары.

Құтқарушылардың мәліметінше, оқиға орнына келген кезде теңізде екі ер адамның суға батып кеткені анықталған.

"1986 жылы туған ер адамның денесі жағадан 10 метр қашықтықта табылып, құрлыққа шығарылды. Ал 2001 жылы туған екінші марқұмның денесі сағат 00:05-те су астынан табылып, шығарылды. Ол жағадан 10-15 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдіктен табылды", – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Марқұмның артында жұбайы мен бес баласы қалды, ең кішкентайы небәрі үш айлық қана.