Алматы қаласындағы саябақтардың бірінде орналасқан "Вальс" аттракционында кәмелетке толмаған қыз бала ауыр жарақат алды. Бала жабық бас-сүйек ми жарақатын (ЖБСМЖ) алған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы Мадина Аскенова мәлімдеді. Оның айтуынша, қызының жағдайы әлі де ауыр.
Алматыдағы саябақтардың бірінде орналасқан “Вальс” аттракционында кәмелетке толмаған қызым жабық бас-сүйек ми жарақатын алды. Нәтижесінде ол екі күрделі отадан өтті, ұзақ мерзімді оңалтудан өтіп жатыр, қатты ауырсынудан, физикалық зардаптардан және ауыр психологиялық жарақаттан зардап шегуде, – деп жазды әйел Facebook парақшасында.
Аскенованың айтуынша, бұл оқиға саябақ әкімшілігінің немқұрайлығы салдарынан болған.
Менде аттракционда қауіпсіздік техникасының сақталмағаны туралы бейнеайғақтар бар. Аттракцион ақаулы болғанына қарамастан, оны қолдануды жалғастырған. Қызметкерлер қайғылы оқиғаның алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдамаған, – деді ол.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін саябақ қалыпты режимде жұмысын жалғастырған. "Вальс" аттракционы тоқтатылмаған, тексеру жүргізілмеген, жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылмаған. Анасының пікірінше, бұл басқа келушілердің, соның ішінде балалардың да қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Полиция басқармасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігі (қауіптілігі жоғары нысандарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шараларының нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Алматы полициясы.
Зардап шеккен баланың ата-анасы әділдік талап етіп, тергеудің объективті жүргізілуіне және қоғамдық орындардағы аттракциондардың қауіпсіздігіне бақылаудың күшейтілуіне үміт артып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде ойын паркінде қолы жараланған баланың анасы үндеу жариялаған.