Жамбыл облысында алаяқтар бірнеше айдың ішінде 200-ден астам адамды алдап, 120 миллион теңгеден астам пайда тапқан, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Байзақ ауданындағы ерлі-зайыпты 2025 жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейін адамдарға жоқ тауарды сатып, үш айда 200-ге жуық адамды алдаған. Олар WhatsApp чаты арқылы жәбірленушілерге базардағыдан төмен бағада ыдыс-аяқ ұсынып, тұрғындардың сеніміне кіріп, ақшаларын алған соң, ізім-ғайым жоқ болған.
Күдіктілер ұсталды. Қазір қылмыстық іс облыстық полиция департаменті тарапынан тергеліп жатыр және прокуратураның бақылауында.
2025 жыл 4 сәуірде полиция қылмыстық кодектің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Ерлі-зайыптыға аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін мүлікті тәркілей отырып бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.