Желіде Алматыда 2019 жылы 10 жылға сотталған азаматтың бостандықта жүргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Мұны жол апатынан қаза тапқандардың бірінің қызы мәлімдеді. Оның сөзінше, Ілияс Кар есімді кәсіпкер 2018 жылы 4 адам мінген көлікті Gelandewagen-мен келіп соққан. Салдарынан қыздың анасы, тәтесі және жүргізуші қаза тапқан. Ал бір адам мүгедек болып қалған. Қазір Таразда жазасын өтеуі тиіс адам, емін-еркін қалада қыдырып жүр дейді. Мұны қаза болғандардың бірінің ұлы Темірлан Хасенов те растады. Олар сотталушының қалай бостандықта жүргенін түсінбей, дал.
Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Ілияс жазасын қауіпсіздік деңгейі ең төмен түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Мұндай мекемеде сотталғандарға колониядан тыс жерге шығуға рұқсат етіледі екен. Сотталушы жеке өтініші бойынша мекемеден тыс жерге шығуға рұқсат алған. Демалыста жүргенде ол заң бұзған жоқ дейді. Демалысынан соң Тараздағы колонияға қайта оралыпты.