Қазақстан жаңа саяси трансформация кезеңіне қадам басты. Бұл тақырып бүгінде ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Шетелдік басылымдар Президент ұсынған реформаларды жан-жақты талдап, олардың ауқымы мен Қазақстанның саяси жүйесіне ықтимал әсерін бағалап отыр.
АҚШ-та шығатын The Times of Central Asia басылымы ең алдымен институционалдық өзгерістерге назар аударған. Онда вице-президент лауазымын енгізу мүмкіндігі мен бір палаталы Парламентке көшу бастамасы атап өтіледі. Журналистер бұл реформалар 2022 жылғы конституциялық өзгерістерге негізделіп, Парламенттің рөлін күшейтуге және билік жүйесін реттеуге бағытталғанын жазады.
Ал, америкалық орыс тілді Настоящее время басылымы Президенттің некені ер мен әйелдің одағы ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту туралы бастамасына, сондай-ақ дәстүрлі құндылықтар мен мәдени бағдарларды қорғау мәселесіне ерекше тоқталған.
Италиялық Agencia Nova агенттігінің пікірінше, Қазақстан қазіргі таңда саяси жүйені терең жаңғырту шегінде тұр. Материалда Конституциялық комиссия құру бастамасы негізгі тақырып ретінде көрсетіліп, оның ұсыныстарды жүйелеп, референдумға дайындық жүргізудегі рөлі атап өтіледі.
Францияның RFI радиосы бір палаталы Парламентке көшу идеясын егжей-тегжейлі талдайды. Журналистер болашақ Парламенттің «Құрылтай» деп аталуының символдық мәніне де назар аударған. Олардың пікірінше, бұл тек билік құрылымын өзгерту ғана емес, заманауи саяси институттарды тарихи дәстүрмен ұштастыруға ұмтылыс.
Түркияның Anadolu агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын Қазақстан соңғы жылдары қалыптастырып келе жатқан саяси модельдің логикалық жалғасы ретінде бағалайды. Материалда Парламент тиімділігін арттыру, партиялық жүйені күшейту және қоғамдық диалогтың жаңа алаңы ретінде Халық кеңесін құру мәселелері алға шығарылады.
Қытайдың Синьхуа агенттігі реформалардың қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанына назар аударады. Мақалада бір палаталы Парламент, Конституциялық комиссия және Халық кеңесін құру ұсыныстары Қазақстанның саяси жаңғыруының ұзақмерзімді стратегиясына сай келетіні айтылған.
Ал, ресейлік Ведомости басылымы бұл өзгерістерді басқару формасын ауыстыру емес, саяси архитектураны терең қайта құру деп бағалайды.
Материалда реформалар билік иерархиясын нақтылап, Парламенттің рөлі мен тиімділігін айтарлықтай күшейтетіні ерекше атап өтіледі.
Өзінің аналитикалық материалын Deutsche Welle агенттігі де ұсынды. Басылымға Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Карла Жаманқұлова сұхбат берген. Оның айтуынша, ұсынылған бастамалар нақты демократиялық дамуға, яғни «Еститін мемлекет» қағидатына қарай жасалған қадам. Сондай-ақ жұмыс тобы әзірлеген барлық ұсыныстар, депутаттар санына дейін, толық ескерілгені айтылды.
