Астанада Қарағанды облысының шығармашылық әлеуетін танытқан «CREATIVE AIMAQ» жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған шараға 55-тен астам креативті индустрия өкілі қатысып, авторлық туындылары мен тың жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Жәрмеңкеде зергерлік бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен дизайнерлік топтамалар таныстырылды. Сонымен қатар, келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерді. Қарағандылық креаторлар жасанды интеллектке негізделген жобалары мен ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың мүмкіндіктерін де көрсетті.

Іс-шара аясында белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздары музыкалық бағдарлама ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің мақсаты – отандық брендтерді дамыту, авторлық өнімдерді кеңінен таныту және шығармашылық иелерінің кәсіпкерлік байланыстарын нығайту. «CREATIVE AIMAQ» Қарағанды облысының дәстүрлі өнері мен заманауи креативті жобаларын бір алаңда тоғыстырды.