Полиция қазақстандықтарды жасанды интеллект қолданатын жаңа алаяқтық түрінен сақ болуға шақырды. Алаяқтар қазақ тілінде сөйлеп, азаматтарды алдауға тырысуда, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, алаяқтар нақты адамның дауысына еліктеп, банк қызметкері, полиция қызметкері немесе жақын туыс ретінде қоңырау шалып, ақпарат сұрауы мүмкін. Сондай-ақ, олар deepfake технологиясын қолданып, танымал тұлғалардың немесе туыстарыңыздың жалған бейнежазбасын да жібере алады.
Полиция келесілерге назар аударуға кеңес береді:
- Қоңырау шалған адамның даусындағы эмоцияның болмауы немесе қисынсыз сөз тіркестері;
- ЖСН, банк картасы нөмірі, құпиясөздер сияқты жеке деректерді ешкімге айтпау;
- Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру.
Бейтаныс нөмірден қоңырау түссе, бірден сеніп қалмаңыз. Алаяқтар жаңа технологияны шебер пайдалана бастады, – делінген полиция ескертуінде.