Ресейлік миллиондаған оқырманы бар танымал блогер Гусейн Гасанов алаяқтық және қаржы жымқыру ісі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Желі жұлдызы қылмыстық іс бойынша 7 жылға сотталуы мүмкін.
Ол ірі көлемде қаржы жымқыру және ақшаны заңдастыру (Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 4-бөлігі) бойынша қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді. Сот оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл бап бойынша оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Mash деректеріне сүйенсек, өзін "табыстың" жақтаушысы ретінде көрсететін Гасановқа қатысты іс 2025 жылдың 23 сәуірінде Чертанов сотына түскен. Сот материалды қарап, оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекіткен. Қазір ол іздеуге берілді.
Гусейн Гасанов 2024 жылдан бері Ресейде тұрмайды, кей деректерге қарағанда, ол Әзербайжанға қоныс аударған. 2024 жылғы маусымда Мәскеу қалалық салық қызметі Гасановты сотқа берген – оның мемлекет алдындағы қарызы 145 миллион рубльге жуықтаған. Осыдан кейін оның мейрамхана бизнесі мен тағам жеткізу қызметімен айналысатын компанияларының есепшоттары бұғатталған.