Бүгін өткен Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, мұғалімдердің құқығы мен абыройын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін мәлімдеді. Президент кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұстаздарға заңсыз тапсырмалар жүктеліп жатқанын сынға алды.
– «Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұғалімдердің өз міндетіне кірмейтін қосымша жұмыстардан босатылғанын атап өтіп, мектептен тыс жерде орын алған қайғылы жағдайлар үшін мұғалімді жауапқа тарту – әділетсіздік екенін айтты. Президент Алматы облысында болған оқиғаны мысалға келтіріп, мұндай жағдайларға жол бермеу керектігін ескертті.
– «Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан болған оқиға үшін ұстаз жауапты емес. Министрлік директор мен мұғалімдердің мүддесін қорғап қалды – бұл дұрыс шешім», – деді ол.
Сонымен қатар, Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға мұғалім құқығын қорғауға қатысты нақты өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет ұстаздың қоғамдағы беделі мен мәртебесін барынша көтеруге міндетті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында оқушылардың сапасыз тамақтан улануына байланысты пікір білдіріп, мектептегі ас мәзірінің сапасын бақылау ісін Денсаулық сақтау министрлігіне тапсыру — дер кезінде қабылданған шешім екенін жеткізді.
– «Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің болашағына тікелей қатысты», – деп түйіндеді Президент.
Дереккөз: Aqorda.kz