Бүгін Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы басталды. Биылғы іс-шара «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбымен өтіп жатыр.
Конференция жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы мен келешегіне бағдар беріп, адамгершілігі жоғары, кәсіби құзыретті әрі әлеуметтік жауапты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Жиынға 1 500-ден астам білім беру саласының өкілдері қатысуда.
Конференцияның негізгі бағыттары:
- «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиені интеграциялау;
- Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар мен заманауи дағдыларды (hard, soft, digital) қалыптастыру;
- Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу;
- «Қазақстан балалары» стратегиясын жүзеге асыруда мүдделі органдардың өзара іс-қимылын күшейту;
- Инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру.
Конференция аясында «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды балалар – ел мақтанышы», «ТжКББ-дегі үздік тәжірибелер», «Білім берудегі цифрлық шешімдер» атты көрме аймақтары ұйымдастырылды. Мұнда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге арналған жаңа әдістемелер мен шешімдер ұсынылды.
Іс-шара соңында педагогтердің мәртебесін арттыруға бағытталған қарар қабылданып, білім беру саласының үздік қызметкерлері марапатталады. Сондай-ақ, салтанатты бөлімде қазақстандық әртістердің қатысуымен концерт өтеді.
Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске қосылып, тәрбие жұмысы жаңа форматқа көшеді. Ал жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылдануы жоспарланып отыр.