BANNER

Кинопрокат нарығын қадағалау үшін заңнаманы күшейту жұмысы басталды

Сурет: pixabay.com

Мәдениет және ақпарат министрлігі кинопрокат нарығын қадағалау үшін заңнаманы күшейту жұмысын бастады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

- Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында министрлік еліміздегі кинопрокат нарығын қадағалау үшін заңнаманы күшейту бойынша тиісті жұмыстарды бастады. Атап айтқанда, Парламент депутаттарының бастамасымен «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу жоспарланған. Оның ішінде фильмге прокаттау куәлігін бермес бұрын фильмді алдын-ала көру, сондай-ақ фильмді алдын ала көруді жүзеге асыратын тиісті сараптама комиссиясын құру мәселесі қолға алынды, - деп атап өтеді министріліктен агенттік сауалына орай.

Министрлік Заңға өзгерістер енгізіліп, аталған нормалар өз күшіне енген соң фильмдер қатаң сүзгіден өткізіліп, кинопрокатқа барынша сапалы контент шығатынына сенім білдіреді.

Айта кетейік, осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар екенін айтқан болатын. 

- Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз, ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн, - деген еді Президент.