Қазақстандық әйелдерге шетел азаматтары үшін суррогат ана болуға тыйым салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Бұған дейін депутат Гүлдара Нұрымова суррогат аналықты реттеуді күшейтіп, қазақстандық суррогат аналардың қызметін шетел азаматтарына көрсетуге тыйым салуды ұсынған еді. Оның айтуынша, бұл саладағы жеңіл талаптар Қазақстанды репродуктивтік туризм үшін тартымды елге айналдырған.
Вице-премьердің сөзінше, халықаралық суррогат ана тәжірибесінде ата-аналықты тану, азаматтық беру және баланың құқықтық мәртебесіне қатысты даулар жиілеген. Осыған байланысты суррогат ана қызметін тек Қазақстан азаматтарына көрсету нормасын енгізу ұсынылып отыр.
Аталған түзетулерді Денсаулық сақтау министрлігі “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекске әзірлеген. Қазіргі таңда олар мемлекеттік органдармен келісу сатысында, кейін Парламентке енгізіледі.
Мамандар да бұл салада проблемалардың көбейгенін растайды. Репродуктолог Гүлсім Әбенованың айтуынша, кейбір әйелдер шетелде суррогат ана болып, орталықтардың банкротқа ұшырауына байланысты ақысын ала алмай қалған жағдайлар бар.
Әзірге шетел азаматтары Қазақстанда суррогат ана қызметін пайдалана алады.
Қазақстанда шетелдіктерге суррогат ана қызметін көрсетуге тыйым салынуы мүмкін
Фото: Gemini

