BANNER

Қарағандыда "Менің елім – менің туым" акциясы басталды

Фото автордан

Қарағанды қаласында «Менің елім – менің туым» атты акциясы аясында «Қарағанды» қонақүйінің қасбетіне мемлекеттік тулар ілінді. Барлығы 18 Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы орналастырылды. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылды.

Акцияға «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының, «Келешек» жастар кеңесінің және Қарағанды қалалысының Жастар ресурстық орталығының еріктілері мен белсенді жастары қатысты.

«Бұл не үшін маңызды? Себебі ту – жай ғана мата емес. Ол – біздің Тәуелсіздігіміздің, тарихымыздың, бірлігіміздің белгісі. Қаланың биік жерлерінде желбіреген көк байрағымызды көрген сәтте, біз бір халық екенімізді, ортақ мақсатымыз бар екенін сезінеміз. Осындай қарапайым, бірақ мағыналы іс-шаралар жастардың бойында елге деген мақтаныш сезімін оятады. Бұл – Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі.

Біз осындай іс-шаралар арқылы мемлекеттік рәміздерге деген құрметімізді көрсетеміз. Бұл – азаматтық жауапкершілік пен мәдениеттің белгісі», – дейді «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Садвакасов Зият.