BANNER

Қарағанды облысының жедел жәрдем қызметі 115 жаңа автокөлікпен толықты

gov.kz

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды облысының жедел медициналық жәрдем қосалқы станцияларына 115 арнайы автокөлік берілді. Оның ішінде заманауи реанимациялық және диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылған екі реанимобиль бар. 

Жаңа көліктер қалалар мен ауылдық елді мекендерге бөлініп, тұрғындарға шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталды.

Жаңа автокөліктердің кілтін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыстап, халық денсаулығы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін дамыту, оның қолжетімділігі мен сапасын арттырудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Жедел жәрдем қызметін қамтамасыз ету – медициналық көмектің жеделдігі мен сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Бүгін, Тәуелсіздік күні қарсаңында, біз оның материалдық-техникалық базасын күшейту арқылы маңызды қадам жасап отырмыз. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіремін. Сіздер кез келген ауа райында, тәуліктің қай уақытында болмасын, шақыртуға бірінші болып жетесіздер. Жаңа техника сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізге қолдау болып, халықтың көмек дер кезінде көрсетілетініне деген сенімін нығайтады, – деді өңір басшысы.

Жедел жәрдем автокөліктеріндегі жабдықтар қазіргі заманғы стандарттарға толық сәйкес келеді.

Реанимобильдер дефибрилляторлармен, кардиопомпалармен, эвакуациялық орындықтармен және телеметрия арқылы деректерді аға кезекші дәрігердің компьютеріне тікелей жіберетін кардиографтармен жабдықталған.

Фельдшерлік бригадаларға арналған B санатындағы көліктер де толық жинақталған. Олардың құрамында өкпені жасанды желдету аппараттары, дефибрилляторлар мен кардиографтар бар.

Автокөліктерді жеткізу «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

— Осы жеткізілім арқылы біздегі негізгі қажеттілікті толық жаптық. Көліктер толық жабдықталған күйде келді. Аппаратура соққыға төзімді әрі аязға шыдамды. Барлығы сапалы әрі білікті медициналық көмек көрсетуге бейімделген. Мен жедел жәрдемде 31 жылдан бері жұмыс істеймін, мұндай деңгейдегі техникамен бұрын қызмет атқарған емеспіз, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас фельдшері Оксана Топчий. – Барлық көліктер қажеттілікке қарай қалалар мен аудандарға бөлінеді.

Шет ауданында шамамен 32 мың адам тұрады. Ауданда жедел жәрдем қосалқы станциялары аудан орталығында және Ағадыр кентінде орналасқан.

— Бүгін біз қосалқы станциялар үшін екі жедел жәрдем көлігінің кілтін алдық. Сонымен қатар шалғай елді мекендерге қызмет көрсететін ауылдық ФАПтар мен амбулаториялар үшін бес автокөлік берілді, -деді аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі директор орынбасары Мағжан Оспанов.

Өңірде медициналық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс жалғасуда. Ерекше назар ауылдық елді мекендерге аударылып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 92 нысан салынды, оның 51-і қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған арнайы мемлекеттік қор қаржысына жүзеге асырылды. Бұл тұрғындардың ең өзекті қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік берді.

Теміртауда ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталды. Балқашта бұрынғы шипажай ғимаратының базасында оңалту орталығын қайта жаңғырту және көпбейінді ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Биыл арнайы мемлекеттік қордан онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын аяқтау және жабдықтау үшін 6,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Саран қаласы мен Топар кентіндк екі модульдік жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысы басталды.

Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі де кеңейіп келеді: томотерапия орталықтары ашылды, сараптамалық деңгейдегі УДЗ қызметі көрсетіледі, екінші желілік үдеткіш жұмыс істеп тұр. Нейрохирургия саласында өңірде алғаш рет Remebot медициналық роботы қолданыла бастады.

Медициналық кадр мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Ауылдық ауруханаларға 67 жас дәрігер келді. Оларға 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы төленіп, тұрғын үй мәселесін шешуге қолдау көрсетілуде. 2023 жылдан бері медицина қызметкерлеріне 250 пәтер берілді.

Дереккөз: Gov.kz