Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы брифингте баяндады.
«2025 жыл ауданымыз үшін тұрақты әрі теңгерімді даму кезеңі болды. Біз экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргіздік», – деді аудан әкімі.
Экономика және өнеркәсіп
«Өткен жылы аудан экономикасының өсімі 54,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 192,4 миллиард теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Қазіргі таңда ауданда 45 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында “Қазақмыс” корпорациясының көмір разрездері мен кеніштері бар», – деп атап өтті Ерлан Бейсембайұлы.
Әкімнің айтуынша, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аудан дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналған. 2025 жылы арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 83 миллиард теңгені құрайтын үш ірі жоба іске асырылған. Бұл жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 2026 жылы теміржол бұйымдарын шығаратын зауыт, өнеркәсіптік зертхана және кремний қорытпаларын өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосуды жоспарлап отыр.
Шағын және орта бизнес
«Бүгінде ауданда 3 675 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 7,6 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылы бөлшек сауда айналымы 12,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті», – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы сомасы 638,2 миллион теңгеге бірнеше жоба іске асырылған. Бұл балабақша, қонақ үй және өндірістік нысандардың құрылысы секілді маңызды жобалар.
Ауыл шаруашылығы
«Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. 2025 жылы бұл саладағы өнім көлемі 92,1 миллиард теңгеге жетті. Оның 56 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі», – деді Ерлан Құсайын.
Әкім құс шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге ерекше тоқталды.
«Аудандағы 7 құс фабрикасы 363 миллион дана жұмыртқа өндіріп, облыс қажеттілігінің 58 пайызын қамтамасыз етті. Алдағы жылы суармалы жер көлемін ұлғайтып, жаңа фермалар салуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Инвестициялар және инфрақұрылым
«2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 82,1 миллиард теңгені құрады. Оның 80,4 пайызы – жеке инвестициялар. Бұл қаражат кәсіпорындарды жаңғыртуға, инфрақұрылым нысандарын салуға және заманауи техника сатып алуға бағытталды», – деді аудан әкімі.
Жол инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінген. «Жыл ішінде 421,3 шақырым жол жөнделді, оның 176 шақырымы республикалық маңыздағы трассалар. Сонымен қатар Ғабиден Мұстафин ауылында Нұра өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді», – деп атап өтті ол.
Тұрғын үй және сумен қамту
«Өткен жылы ауданда 146 пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 1 406 адам тұр. Біз әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту мәселесіне басымдық беріп келеміз», – деді Ерлан Құсайын.
Әкімнің айтуынша, сумен қамту мәселесі толық шешілген. Ауданның 68 елді мекені орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Осылайша бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткен.
Әлеуметтік сала
«Жұмыссыздық деңгейі 3 пайызға дейін төмендеді. Шамамен 1,5 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Мемлекеттік гранттар аясында 8 азаматқа 12,5 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді», – деді әкім.
Білім беру
Ауданда 300 орындық жаңа мектептер мен оқу корпустары салынды. Сонымен қатар 12 білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Денсаулық сақтау
Бұқар жырау ауданында 20 медициналық нысан салынды және жаңғыртылды. Салаға 24 жас маман тартылған.
Мәдениет және спорт
Ауданда жаңа мәдениет үйлері пайдалануға беріліп, 3 нысан жөнделген. Спорт кешендері мен бұқаралық спорт алаңдары салынды. Нәтижесінде спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар үлесі 41,5 пайызға жетіп отыр.
Туризм
Қазіргі таңда ауданда 13 туристік нысан жұмыс істейді. Алдағы 2026–2027 жылдары Семізбұға көлінде туристік кластер құрып, Көкпекті ауылында демалыс аймағын дамытуды жоспарлануда.
Қорытынды
Брифинг соңында Ерлан Құсайын 2026 жылға арналған негізгі міндеттерге тоқталды.
«Алдағы кезеңде инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу және кәсіпкерлікті қолдау басты басымдықтарымыздың бірі болып қала береді. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға бағытталады», – деп түйіндеді аудан әкімі.
