Қарағандының «Шахтёр» футбол клубы жекеменшікке өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілген жекешелендіру рәсімі толық аяқталды. Клубтың алдағы даму стратегиясы мен жаңа спорттық экожүйені қалыптастыру бағыттары туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов мәлімдеді. Кездесу барысында кәсіби футболды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.

– Бүгін біз клубты жаңа инвесторға беру туралы келісімге қол қойып отырмыз. Мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, біз спортты басқару философиясын түбегейлі өзгертудеміз: ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты дамуға бет бұрдық. Жаңа акционер заманауи басқару тәсілдерін енгізіп, тәуекелдерді азайтып, адал бәсекелестік үшін әділ жағдай қалыптастырады деп сенемін. Қуатты инфрақұрылым, тәуекелдерді объективті бағалау және ашық басқару моделі Қарағанды футболының тарихында жаңа парақ ашуға мүмкіндік береді. Freedom холдингіне және Тимур Турловқа сенім мен конструктивті әріптестік үшін алғысымды білдіремін, – деді өңір басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев облыста футболға қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда өңірде бұл спорт түрімен шамамен 41 мың адам айналысады, олардың 9 мыңға жуығы ауылдық жерлерде тұрады.

– Біз клуб үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз және әкімдік тарапы әріптестік орнатып, қолдау көрсетіп, қолайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Толық жауапкершілікті өз мойнымызға алудың басты себебі – Қарағанды облысы мен тарихы зор клубтың әлеуетіне деген сеніміміз. Біз аңызға айналған клубты жаңғыртып, оның қызметін қайта жандандырамыз және жаңа жеңістерге жеткізуге бар күшімізді саламыз, соның ішінде еурокубоктық додаларда да. Қазір клуб айналасында қалыптасып жатқан команда бүкіл қазақстандықтар мақтан ететін нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. 2026 жылы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен негізгі басымдықтарымызды тағы да атап өткім келеді: біз жылдам әрі көзбояушылық табысты мақсат етпейміз, – деді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, даму стратегиясының өзегі – селекциялық жұмысты күшейту және жергілікті талантты футболшылар пулын қалыптастыру. Сонымен қатар озық цифрлық технологияларды қолдана отырып, заманауи аналитикалық бөлім құру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Тимур Турлов тамыз айынан бастап Қарағанды облыстық футбол қауымдастығын (QOFA) басқарып келеді. Алғашқы меморандум балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың жүйелі моделін қалыптастыруға негіз болды. Бұл бағытқа 6,5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда бірқатар ірі бастамалар жүзеге асырылуда: ALGA! мектеп жобасы іске қосылды, түрлі жас санатындағы балаларға арналған футбол сабақтары мен секциялары ашылды. Сондай-ақ футбол академиясының құрылысы басталды. Жоба UEFA-4 санатындағы стадионмен қатар жабық манежді, толық өлшемді жаттығу алаңын, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатты және өзге де инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды.
Дереккөз: Gov.kz
