BANNER

Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді

Фото: Life09

Биыл 5 ақпанда Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Жобаның түсірілімі толығымен Қазақстан аумағында жүргізіліп, елдің алты өңірін қамтыды.

Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon түрлі елдердің өнерпаздарын біріктіріп қана қоймай, Қазақстанның табиғи әралуандығы мен туристік әлеуетін әлемнің миллиондаған көрерменіне таныстыруды мақсат етеді.

Түсірілім жұмыстары Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өтті. Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің орындаушылары қатысты.

Өткен жылдың қыркүйек айында қатысушылар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. Жоба бағыты көне Түркістан қаласын, Бозжыра шатқалын, Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржан саналатын Қайыңды және Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.

Voice Beyond Horizon жобасы Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, ал Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында көрсетіледі.

Жобаны жүзеге асыруға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстары әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Сонымен қатар, демеушілер қатарында «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры бар.