BANNER

Астанада «Роза Бағланова» мюзиклі өтеді

Фото: el.kz

9 мамыр күні «Astana Musical» мемлекеттік театры Жеңістің 80 жылдығына арналған «Роза Бағланова» атты мюзиклін көпшілік назарына ұсынады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі El.kz-ке сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы, күміс көмей әнші Роза Бағлановаға арналған бұл қойылымда оның балалық және жастық шағы, сондай-ақ соғыс жылдарындағы ауыр тағдыры мен шығармашылық жолының қалыптасуына негіз болған өмірлік шешуші кезеңдері көрініс табады.

Айта кетейік, бұл туынды Оңтүстік Кореяда өткен «Daegu International Musical Festival» (DIMF) халықаралық мюзиклдер фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» номинациялары бойынша жеңіске жетіп, бас жүлдеге ие болды.

Мюзиклдің композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский, саунд-дизайнер – Ақжол Өмірзақов. Қойылымның қоюшы-режиссері – «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин, авторлары – Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Айдын Сақаман және Әннәс Бағдат.