FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону кезінде құстармен соқтығысты. Компанияның баспасөз қызметі оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Әуе компаниясының мәліметінше, әуе кемесі 24 қаңтар күні Алматы-Орал бағыты бойынша FS7167 рейсі кезінде құстармен соқтығысқан. Ұшақ Орал әуежайына қонғаннан кейін әуе кемесін және оның құрамдас бөліктерін тексеру үшін Астанадан инженерлік-техникалық мамандар жіберілді.
“Барлық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ұшақ пайдалануға жіберіліп, 25 қаңтар күні сағат 01:17-де Орал-Алматы бағыты бойынша ұшты. Рейс кідіргендіктен жолаушыларға ыстық сусындар мен тамақ ұсынылды, сондай-ақ сұраныс бойынша 33 жолаушы қонақүйге орналастырылды”, – деп хабарлады әуе компаниясы.
Әуе компаниясында барлық әрекеттер авиациялық қауіпсіздік пен техникалық пайдалану талаптарына қатаң сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі маңызды екенін жеткізіп, құстармен соқтығысу тасымалдаушыға тәуелсіз сыртқы факторлардың әсіренен болатын жағдай екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайына қону кезінде ұшақ құстармен соқтығысқан еді.
