... Парнасымды жетектеп ап,
Қылуетке түстім мен!
Жер басады,
Зіл басады үстімнен;
Абыройдан айырылған адамзат,
Қанатынан қайырылған құспын мен!
Бір үзім нан,
Бір болымсыз зат үшін,
Бір-бірінің жейді ел неге хақысын?!
Солтүстікке көз алартып Оңтүстік,
Шығысыңа қарсы шықты Батысың;
(Қалай Алла алқайды енді осы бір
Адамзаттың Homo sapiens сатысын?!.)
Оқ пен оттан аман болсын Отаным,
Сақтай гөрші боздауынан ботаның!
Етігінің қонышынан қан тамған,
Сақта, Азамат Соғысынан, о, Тәңірі!
Мұңлық болып мұқым жұртқа мұң шақты ел.
Құл тумайтын,--
Ұл туатын құрсақ бер;
Өзгеге еріп ел болмады қазағың,
Көшін өзі бастауына мұрсат бер?
Түрікті де түсінетін жетті сәт.
Өткен тарих өзегіңе өртті сап:
"Төртеу түгел болса егер --төбедегі келеді",
Дегені оның--Қасиетті Төрт Кітап.
Алты құрлық--Адамзаттың мекені.
"Алтау ала --ауыздағы кетеді":
...Көзіне бір көрінердей бір пәле,
Желпеңдеп тұр неге Жердің етегі?!
Заман деген маған жай бір-- қас-қағым.
Алпыста емес,--
Мен 600 жастамын.
Алашыммен көресінді бір көріп,
Қазір ғана қартаң тарта бастадым.
Көз алдымда --коммунизм елесі...
Бүгін, ертең, жылдарда да келесі,--
Өз елінің қызғыш құстай ұлдарын,
Бұдан бұлай "халық жауы" демеші?!.
Алашамды сақташы, Алла жасыннан,
Әзәзілден –
Қулықтарын асырған;
Қонақжай пәк пейілдерін басынған,
Сақтай гөрші обыр менен масылдан!
Ырыс төгіп егіс, бақша- бауынан,
Қыран ұшар қия-қия тауынан;
Дүниеде досын көп қып - жауынан,
Жер дауынан сақта,
Жесір дауынан!
Маздап тұрған нұрын, сақта, көзінің,
Сақтай көрші қорғасындай төзімін.
Ермактардың елесінен сақтай гөр,
Елтайынан сақта гөрші өзінің...
Серік Ақсұңқарұлы
