BANNER

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы жиі берілетін болады

Фото: Canva

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы төлеу және материалдық көмек көрсету қағидалары жаңартылды. Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, енді қызметкерлерді ынталандыру мүмкіндіктері кеңейіп, сыйақы жиірек төленетін болады. Құжат 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Курсив сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңартылған ережелер мемлекеттік қызметшілердің жетістіктерін, міндеттерді жедел әрі сапалы орындауын және мемлекеттік шешімдерді іске асырудағы белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар, сыйақыны бөлу кезінде мемлекеттік органдар басшыларына көбірек дербестік беріледі.

Қаулыға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге мынадай жағдайларда сыйақы төлеу көзделген:
– лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін;
– мінсіз мемлекеттік қызметі үшін;
– ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін;
– белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелері бойынша;
– мемлекеттік органның немесе оның бөлімшесінің үздіксіз жұмысы тәуелді болатын шұғыл әрі күтпеген міндеттерді орындағаны үшін;
– Президенттің, Үкіметтің және Премьер-министрдің актілері мен тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындағаны үшін;
– тікелей лауазымдық міндетіне кірмесе де, заң жобаларын, келісімдер мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысқаны үшін.

Сыйақы тағайындау кезінде мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері де ескерілетін болады. Бұдан бөлек, сыйақылар мереке күндеріне, мерейтойлық даталарға және қызметкерлердің жеке мерейтойына орай берілуі мүмкін.

Сондай-ақ, жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттік органдардың басшылығы сыйақы беру шарттары, мөлшері мен тәртібін айқындайтын ішкі нұсқаулықты өз бетінше бекіте алады.