BANNER

Қазақ және әлем халқы аңызының ұқсастығы

ЖИ арқылы жасалған

Географиялық тұрғыда бір-бірінен өте алыста орналасқан халықтарда өзара ұқсас аңыз (миф), ертегілер жиі кездеседі. Ертегі мен аңыздың басты айырмашылығының бірі – ертегі қиял-ғажайыпқа негізделсе, аңыздың түбінде ықылым заманда болған бір оқиғаның жатуында. Ескерте кететін маңызды бір тұс бар. Жер бетіндегі барлық халықта кездесетін аңыз жоқ.

Фольклор жанрындағы мұндай ұқсастықтың болуын түсіндіретін негізгі 3 себеп бар.

  1. Жер бетіндегі барлық халықтың, ұлттың түп атасы бір екендігі. Барлығы бір атадан тараған соң аңыздың да ұқсас болуы заңдылық дейтін түсіндірме;
  2. Тіл меңгеруге байланысты себеп. Басқыншылықпен не болмаса басқада себеппен екі тілдің араласуынан туындау. Яғни, қарапайым түсінікке салсақ,  қазақ тілі мен неміс тілін жетік білетін адамның бір аңызды екі тілде де айта алуынан шыққан ұқсастық. Біздің  аңызды немістерге немісше, немістің аңызын қазаққа қазақша жеткізе білгендіктен ортақ аңыздардың пайда болуы дейтін нұсқа бар;
  3. Үшінші нұсқа жоғарыдағыларға қарағанда қызығырақ. Бір мезгілде немесе араға уақыт салып, жердің екі бөлігінде бір оқиғаның қайталануы және оның шешімінің бірдей болуы;

Сонымен, енді мысалға кезек берелік. Қазақ ауыз әдебиетінде бірде Төле биге, енді бірде Қазыбек биге телінетін бір оқиға бар. Ұзын-ырғағы мынадай. Бірде биден төрелік сұрауға екі әйел келеді. Екеуі 4-5 жасар балаға таласуда. Бірі «Бұл баланы мен туғанмын. Бесікте жатқан кезінде ұрлатып алдым» десе, екіншісі де «Бала менікі» деуден танбайды. Сол кезде би қылышын қынабынан суырып, «Төрелігін менен сұрасаңдар баланы ортасынан қақ бөліп берейін» дегенінде манағы бесікте жатқанында ұрлатып алдым деген әйел шырылдап аяғына жығылып, «Ойбай, биеке! Аман жүрсе болды. Баланы мына әйелге бере беріңіз» дейтін оқиғаның немен аяқталғанын бәріміз білеміз. Білмейтіндер болса айта кетейік. «Бала мына шырылдап жылаған әйелдікі.Ішінен шыққан баласын өлімге қимай, тірі жүрсе болды деп амандығын тіледі. Бала осы әйелде қалсын» деп шешім шығарады.

 V-VI ғасырда өмір сүрген Артур патшаға (король Артур) тиесілі дәл осындай аңыз бар. Былай ойлап қарасаңыз қазақ қайда, кельт қайда? Төле би мен Қазыбек би қайда, Артур патша қайда? Артур патша Ұлыбританияның аңызға айналған билеушісі. Ел-жұрты сан ғасыр өтсе де ерлігіне әлі күнге дейін «аһ» ұрады. Ол жайлы жыр-дастандар шығып, талай фильм де түсірілген. Дегенмен, дәл осы оқиғаны сиқыршы «Мерлин» жайлы сериалдың бір сериясында анық сипаттап, көрсетеді.

 

Кейде аңыздың жалпы желісі бірдей болғанымен климаттық ерекшеліктерге байланысты ерекшеліктері болады. Мысалы, өзіміздің «Тау көтерген Толағай» аңызын алайық. Бұл жерде басты кейіпкер елін (ауылын) құрғақшылықтан құтқармақ болып, ашар басы бұлттан көрінбейтін тауды көтеріп әкеледі.

Әлем халықтарында Толағайға ұқсас кейіпкер бар ма? Грек мифологиясындағы Атлант, Геракл, кавказ халықтарының біразына тиесілі Нарт эпосы, үнділердің «Рамаяна» эпосындағы Хануман, қытайдың Ұлы Юй жайлы аңыздарында басты кейіпкерлер тауды ары-бері қозғай береді.

Геракл екі таудың ортасын жарып, теңіз жолын ашса, Юй су тасқынын тоқтату үшін тауларды орнынан қозғап, су арнасын бұрады. Бірақ, сюжет жағынан ең жақыны Хануман оқиғасы. Хануман емдік шөп үшін бір тауды көтеріп әкеледі. Толағай мен Хануманның ұқсастық деңгей басқаларға қарағанда өте көп. Екеуі де тауды толығымен көтеріп әкеледі.Құтқару миссиясы бар және қаһармандыққа қоса адалдық сипатталған. Қазақ аңызында Толағай қаза тапса, Хануман мәңгі өмір сүретін құдайлық сипатқа ие кейіпкер.

 

Біздің бала кезімізде теледидардан «Қаңбақ шал» мультфильмі жиі берілетін. Ертегісін де оқып өстік. Әлем әдебиетінде әлсіз шаруа мен жын-шайтандар жайлы аңыз, ертегілер баршылық. Соның ішінде біреуіне тоқталсақ. Немістердің ағайынды Гриммдерге тиесілі «ібілісті алдаған шаруа» ертегісі бар. «Қаңбақ шалмен» ұқсастығы әлсіз кейіпкер мен алып күш иелерінің кездесуі, ақылмен амалдап жеңу. Айырмашылығы қазақтарда батырлық күш сынау элементтері басым болса, неміс нұсқасында экономикалық айлаға басты назар аударған.

 

 

Айсұлтан Мұхамедияұлы Жақып

журналист, «Құрмет» орденінің иегері.