Қарағандыдағы «Достық үйінде» журналист Қасымхан Ғалымның «Болат болмыс» атты портреттер топтамасының тұсаукесері өтті. Бұл кітап Арқаның Атымтай азаматтары Бақтыбай Жүнісов пен Рамазан Әбілдиннің демеушілігімен Қарағанды қаласының «Гласир» баспаханасынан басылып шығып, 500 данамен тарап отыр. Сондай-ақ, кітаптың тартымды етіп безендірілуіне аймақтағы белгілі фотограф Жангелді Әбдіғалым үлес қосып, өзіндік қолтаңбасы мен кәсіби шеберлігін көрсетті.

40-тан астам кітап кейіпкерінің қатарында түрлі мамандық пен сан алуан тағдыр иелері, кәсібінен нәсібін тапқан еңбекқор жандар да, өмірдің қиындығына мойымағандар, егемен еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері де бар.

– Қазақтың зерделі жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов «Көріп, білген болмысынан туған шындық кітабы болса, оның одан арғы, зорғы мұраты жоқ» деген сөзі бар. Журналистиканың сардары болып жүргенімізге 7 жылдан астам уақыт өтіпті. Сол уақытта еңбегімен, кәсібіне, өнеріне адалдығымен, өмірге құштарлығымен еліне елеулі болып жүрген азаматтар туралы портреттік әжептәуір мақала жазыппын. Солардың басын құрап, жинақ шығаруды жөн көрдім. Идея авторы – ақын, әріптесім, рухани ағам Ерғанат Кеңесбекұлы. Қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетіне қолымнан жетектеп әкелген, сөз өнеріне баулыған, топқа қосып, әкемдей болып кеткен газеттің бас редакторы Ерсін Мұсабеков ағама айрықша алғысымды айтамын! Арқа баспасөзінің қара нары Мағауия Сембай марқұм газеттің бас редактор болып тұрған кезеңде табалдырықты аттаған едім. Алғашқы редакторым – Мағауия Сембайдың мектебінен өттім деп мақтанышмен айтамын! Осы жинақты шығарудағы мақсатымның бірі – маған сенім артқан рухани ағаларымның, ұстаздарымның үмітін ақтау. Екіншіден – рухы мен жігері жанартаудай жастарды, тағдыр сынағына сынбаған өмір майданының жауынгерлерін, ел аналары мен ағаларын, еңбектің қараторысына айналған жандарды ұлықтағым келді, жақсының жақсылығын айтып, оларды көпке үлгі еткім келді, – деді автор.

Қасымхан Бүркітұлы «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, жауапты хатшы болып істеп, қазір республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Автор кітабында өзі жазу нысанасы етіп алған әр адамның ішкі әлеміне терең үңіліп, тағдырына барынша бойлап, айналасымен қарым-қатынасын ашып көрсетіп, тұтас бір образын жасаған. Бұл портреттердің тақырып аясы да, қамтыған географиялық аумағы да кең – бір шеті Ұлытаудан басталып, Жаңаарқа, Шет, Нұра, Бұқар жырау аудандарын қамтыса, қасиетті Қарқаралы жеріне табан тіреп тоқтайды.

– 33 жасымда қасқыр соқтым. Өмірде білгенім, түйгенім баршылық. Бала-шағамның қызығын көріп отырған бақытты анамын. Қасымхан құлыным, сен осы еңбегіңмен аналық көңілімді аспандаттың. Жағың түспей жамандық көрме. Дегеніңе жет. Кәсібіңе береке берсін. Еліңнің елеулі ұлы бол! – деп батасын берді кітап кейіпкерлерінің бірі Сәкүл Сақбаева.
Жас қаламгер алдағы уақытта да шығармашылық жолында жүрісінен жаңылмай, оқырмандарын жаңа туындыларымен қуанта береді деген сенім мол!
Мирас СӘУЛЕХАН,
LIFE09.
