WhatsApp-та хабарламаларды аударатын функция пайда болды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Мессенджер блогында айтылғандай, егер сіз басқа тілдегі хабарды көрсеңіз, оның үстінен басып, ұстап тұрыңыз, содан кейін "Аудару" түймесін таңдаңыз. Хабарламаны аударғыңыз келетін тілді таңдап, болашақ аудармалар үшін сақтап қою үшін сол тілді жүктеп алыңыз. Бұл функция жеке чаттарда, топтарда қолжетімді.
Сондай-ақ Android қолданушылары болашақ хабарламалар таңдалған тілге аударылу үшін автоматты аударманы қосып қоя алады.
Хабарламалар тек құрылғыңызда аударылады.
Функция Android және iPhone пайдаланушылары үшін іске қосыла бастады. Әзірге бірнеше тіл ғана қолжетімді, бірақ болашақта олардың саны артады. Қазіргі уақытта Android пайдаланушылары үшін алты тіл бар: ағылшын, испан, үнді, португал, орыс және араб. iPhone пайдаланушылары бірден 19-дан астам тілге қол жеткізе алады.
WhatsApp-ты 180-ден астам елде 3 миллиардтан астам адам қолданады және жаңа функция қарым-қатынастағы ықтимал тілдік кедергілерді еңсеруге көмектеседі.