BANNER

Үй асханасынан — отандық брендке дейін: Шет ауданындағы көпбалалы ана табысты ірімшік өндірісін дамытып отыр

Фото: Жанар Қаңтарбаеваның жеке мұрағатынан

Шет ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында тұратын көпбалалы ана Жанар Қаңтарбаева бүгінде ауыл әйелдерінің кәсіпкерліктегі үлгісіне айналды. Оның бастамасымен құрылған FreshCheeseZharyk бренді табиғи сүт және ірімшік өнімдерімен танылып, отандық нарықта сұранысқа ие болып келеді.

Жанардың кәсіпкерлік жолы 2022 жылы басталған. Сол жылы ол халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 АЕК көлемінде грант ұтып алып, алғашқы өндірісін шағын үй асханасында іске қосқан.

– Бұл маған үлкен серпін берді. Ең бастысы – сапалы өнім жасап, адал еңбегіммен отбасымның тұрмысын жақсартқым келді, – дейді кәсіпкер.

Алғашқы кезде өнім көлемі аз, ал шикізат жеткізу тұрақсыз еді. Алайда Жанар табандылығының арқасында жергілікті фермерлермен келісім орнатып, өндірісті жүйелі жолға қойған. Енді ол сүтті ауыл тұрғындарынан да сатып алып, ауыл экономикасына үлес қосып отыр.

Сұраныс артқан сайын үй асханасы өндіріс үшін тарлық ете бастады. Осылайша, Жанар өткен жылы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген сүт және ірімшік өнімдерін өндіретін цех ашты.

Қазір FreshCheeseZharyk брендімен май, сүзбе, қаймақ, айран, йогурт сияқты табиғи өнімдер, сондай-ақ түрлі ірімшік түрлері – качотта, халлуми, скаморца, качкавал, буррата, моцарелла, страчателла және сулугуни өндіріледі. Алдағы уақытта кәсіпкер пісірілген және ұзақ жетілетін ірімшіктерді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Кәсіптің сапасы да ресми түрде мойындалған: Жанар жақында Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік декларациясын алып, сары май мен сүзбе өнімдері сертификатталған. Қазір ірімшіктерге де сапа құжаттары рәсімделіп жатыр.

Бүгінде кәсіпкер өндірісін кеңейтіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да үлес қосуда. Ол өткен жылы «Күміс жас» жобасы аясында Шет ауданының мансап орталығымен үш жылдық келісімшартқа қол қойып, өз цехына егде жастағы екі әйелді жұмысқа алған.

– Аға буын өкілдерінің еңбек тәжірибесі мен жауапкершілігі зор. Олармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен мектеп, – дейді Жанар.

Сонымен қатар кәсіпкер «Жұмыс орнында қысқамерзімді оқыту» бағдарламасына қатысып, бес адамға сүт өнімдерін өңдеу мамандығын үйренуге мүмкіндік беріп отыр.

Жанар Қаңтарбаева — түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік жобалардың белсенді қатысушысы. Ол «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті атанып, облыстық көрмелерде өз өнімін тұрақты түрде таныстырады.

– Әр жоба – жаңа мүмкіндік. Мен үнемі үйренуге, жаңашыл болуға және ауылдағы әйелдерге шабыт беруге тырысамын, – дейді ол.

Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс көлемін арттырып, жаңа цех ашуды, жұмысшылар санын көбейтуді және қазақстандық ірімшіктерді ірі сауда желілеріне шығаруды көздеп отыр.

– Біздің ірімшіктер жайлы тек Қазақстанда емес, шетелде де білгенін қалаймын. Халықаралық көрмелерге қатысып, отандық өнімнің сапасын көрсету – менің басты арманым, – дейді Жанар Қаңтарбаева.

Дереккөз: Gov.kz