18 қараша таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке үйде өрт шықты. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы - бала. Аман қалған үш адам қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
"Олардың бірі есін жиды. Үшеуі де – бір отбасының мүшелері: күйеуі, әйелі және қызы. Жағдайлары тұрақты, бірақ әлі де реанимацияда. Денсаулық сақтау министрлігі науқастар жатқан ауруханамен байланыста, қажет болған жағдайда оларды санавиация бортымен Астанаға жөнелтуге дайын", – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары.
Жолдасов өрт себебін айта алмайтынын, оны тергеу аясында полиция жариялайтынын атап өтті.
"101 нөміріне хабарлама сағат 5:38-де түсті. Алты минуттан кейін оқиға орнына өртсөндірушілер жетті. Олар үш адамды алып шықты, бірақ 12 адамды құтқару мүмкін болмады. Қазір үш зардап шегуші ауруханада", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, ол әкімдік жақындарына психологиялық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаржылай қолдау жасап жатқанын айтты.
Мән-жайы
18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты, тоғызы - бала.
Қайғылы жағдайға байланысты Үкімет комиссиясы құрылды.
Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, медициналық мекемелерге үш адам, яғни екі ересек және бір бала жеткізілген.
