Жамбыл облысында сот жас баласына күш көрсеткен әкеге қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Сарысу аудандық соты кәмелетке толмаған балаға қатысты ұрып-соғу фактісі бойынша Қ есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде Жаңатас ауылында Қ өз үйінде ұлына түні бойы телефонмен ойнағаны және таңертең уақытында оянбағаны үшін ашуланып, оны “тәрбиелеу” мақсатында бетінен ұрған.
Прокурор соттан сотталушыға 100 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындауды сұрады. Қ өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Жәбірленушінің анасы күйеуін кешіретінін жеткізді.
"Кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және жас баланың болуын жеңілдететін мән-жай ретінде танып, сотталушы Қ.-ға Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8 тармағы бойынша 100 сағаттық қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындайды", – делінген сот үкімінде.
Үкім заңды күшіне енді.