Әлеуметтік желіде түрме секілді мекемеде бір топ ер адамның туған күн тойлап жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Видеодан бір ер адамның басқасына шырақ жағылған тортты ұсынып жатқанын көруге болады. Видео авторы мен пікір жазғандардың айтуынша, олар – Талғарда анасының қолында өлім құшқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылғандар.
Алматы облысы полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді.
“Уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғандардың бірінің туған күнін тойлауына қатысты жанжақты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Барлық кінәлілер, оның ішінде басшылық та бар, қатаң жауапқа тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауда”, – делінген хабарламада.
Полиция бұл құқық бұзушылыққа әкеп соққан жағдайлар мен себептерді жою шаралары қабылданды деп сендірді.
Шерзаттың ісі бойынша адвокат Сакура Тәуекелова видеоға қатысты прокуратураға өтініш жібергенін айтты.
“Маған ұсталғандандардың изоляторда отырып туған күн тойлаған видеосын жіберді. Олардың ұялы байланыстары бар екен. Біз қазір прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, қылмыстық атқару жүйесінің комитеті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш жібердік. “Қамаудағыларға не себепті мұндай жеңілдік жасалған?” деген сұраққа жауап алып, тергеу жүргізуді сұраймыз. Кінәлілер жауапқа тартылсын. Біз үндемей қалмаймыз”, – деді Сакура Тәуекелова.