Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
— Өткен аптада Парламенттің жаңа сессиясы ашылды. Қызметтеріңізге табыс тілеймін. Алдыңғы сессия жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Елге қажетті көптеген заң қабылданды. Халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтерілді, жан-жақты талқыланды. Депутаттар жазғы демалыс кезінде аймақтарға барып, азаматтармен кездесті. Енді жұртышылық айтқан мәселелерді саралап, Үкіметпен бірге пысықтап, осы сессия барысында ескеру қажет. Жалпы, Парламент депутаттары елімізде түбегейлі реформалар жасау жолында маңызды рөл атқарып келеді. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін, — деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын атап өтті.
— Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді. Әлем экономикасында теңгерімсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дереккөз:kaz.inform.kz