Қарағанды қаласындағы ІІМ-нің академиясы базасында Тергеу департаментінің бастамасымен криптовалюта арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу тәсілдеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара Ішкі істер министрінің тікелей тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты - криптовалюта платформаларын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу әдістерін жетілдіру. Себебі қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуымен бірге криптовалюта түрлі алаяқтық пен киберқылмыстың құралына айналып отыр.
Жиын барысында қатысушыларға қылмыстық жолмен алынған криптовалюта активтері бойынша транзакцияларды анықтау және қадағалаудың заманауи әдістері ұсынылды. Сонымен қатар, интернет-алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымы сияқты ауыр қылмыстарда криптовалютаның қолданылу мүмкіндіктері талқыланды.
Семинар жұмысына прокуратура мен сот өкілдері, Экономикалық тергеу қызметі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және халықаралық деңгейдегі ІТ-сарапшылар қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленіп, құқық қорғау органдарының киберқылмыспен күрестегі әлеуетін күшейту жолдары айқындалды. Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу алаңдары полиция қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға оң әсер етеді.
Автор: Жан Тілеуқұлұлы
