Астанада "S-Group" атауымен белгілі қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен тергеу жүріп жатыр. ҚМА мәліметінше, өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырған компания салымшыларға жоғары табыс уәде етіп, нәтижесінде 136 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі Астана қаласы бойынша департаменті "Sincere Systems Group LTD" ("S-Group") қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
"S-Group" компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынатындығын мәлімдеген.
Салымшыларға айына 15%-20%, жылына 120%-180% көлемінде табыс уәде етілген. Инвестициялық қызметтің шынайы жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік берілген, онда виртуалды депозиттер, "табыстың өсімі" және есептелген қаражат көрсетілген.
Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 миллион теңгеден асты. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордада 2 пәтер және 2 автокөлік сатып алған, оларды мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында "Үміт Самғау" атауымен жұмыс істеген жоба қайырымдылық бастама ретінде ұсынылып, шын мәнінде қаржы пирамидасы болғанын жазған едік. Ұйымдастырушылар салымшыларға 300–800% дейін табыс уәде етіп, төлемдерді нақты бизнес есебінен емес, жаңа қатысушылардың ақшасы арқылы жүргізген. Осылайша, 400-ден астам қазақстандықтан 100 млн теңгеден көп қаражат жиналған.
