Қарағанды облысында білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытында тағы бір маңызды жаңалық болды. «Алматыкітап» баспасы Top IQ платформасын белсенді қолданған мектептерге, сондай-ақ шалғайдағы шағын жинақты білім беру ұйымдарына 48 планшетті тегін табыстады.
Бұл - ауыл мектептерін қолдау және оқушылардың цифрлық білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі.
Top IQ Mobil Box - интернетсіз жұмыс істейтін заманауи оқу станциясы
«Алматыкітап» баспасының вице-президенті Гүлнұр Құдайберген бүгін Қарағандыға жеткізілген арнайы станция туралы былай деді:
«Top IQ Mobil Box станциясы - еліміз бойынша 1000 планшетпен қамтамасыз ететін үлкен бастама. Қазір Қарағанды облысындағы мектептерге тегін орнатылып жатыр. Құрылғыда TopIQ.kz платформасы толық орнатылған және интернетсіз де жұмыс істей алады. Оның ішінде 300-ден астам оқулық пен Qamqor жасанды интеллект жүйесі бар».
Top IQ Mobil Box ауылдық жерлердегі мектептерге арналған тиімді шешім ретінде бағаланып отыр. Интернет тапшылығы бар өңірлердегі оқу сапасын арттыруға бағытталған.
TopIQ платформасының артықшылықтары
TopIQ - 1-11 сынып оқушыларына арналған толыққанды цифрлық білім беру платформасы. Онда:
• оқулықтардың электронды нұсқалары;
• бейнесабақтар мен анимациялар;
• интерактивті тапсырмалар;
• автоматты бағалау және талдау жүйесі бар.
Платформа оқушыларға жеке қарқынмен білім алуға жағдай жасайды, ал мұғалімдер оқушылардың жетістіктерін онлайн режимде бақылап отыра алады.
Ауыл мен қала арасындағы білім теңдігіне қарай нақты қадам
Оқу процесін цифрландыруға бағытталған бұл жоба ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, ресурстарға қолжетімділігін кеңейтеді. Жаңа цифрлық шешімдер ауыл мен қала арасындағы білім беру алшақтығын қысқартуға, оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Автор: Айдана Таңатар
