BANNER

120 инвестициялық жоба: Қарағанды облысы өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда

gov.kz

Қарағанды облысында алдағы жылдары 120 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде 29 жоба биыл іске қосылады. Өңір тау-кен өндірісі мен қайта өңдеуге басымдық беруде: ыстық мырыштау зауыты жұмыс істеп тұр, теледидар мен кір жуғыш машина шығаратын өндіріс іске қосылды. Бұл және басқа да мәселелер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық еткен жиында талқыланды. Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыруға арналды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір алдыңғы қатарлы идеяларды енгізетін алаңға айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Индустриялық жүрек саналған Қарағанды облысы бұл міндеттерді орындауда көшбасшылар қатарында болуы керек. Бізде қуатты өндірістік база, білікті кадрлар және айтарлықтай аграрлық әлеует бар. Өңір Қазақстанның болашағына арналған зертханасына айналуға тиіс, мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технологиялар, ауыр өнеркәсіп пен цифрлық шешімдер тоғысуы қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, өңірде инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр. Жаңа жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

– Драйверлер қатарына машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, сондай-ақ қайта өңдеудің жаңа бағыттары жатады. «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп тұр, – деді ол. – Инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталығы бар.

Өңірде геологиялық барлау дамып келеді. Бұл минералдық-шикізат базасын кеңейтіп, сирек жер металдарын қайта өңдейтін кәсіпорындарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы экономикасын әртараптандыруда қазірдің өзінде жетістіктерге жетіп отыр. Өткен жылы өңір кәсіпорындарында өндірілген өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты.

Президент тұрақты дамудың маңыздылығын атап өтті. Қарағанды облысында Qarmet компаниясының кәсіпорындарында өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізуге 1,6 трлн теңге инвестиция құю жоспарлануда.

Туризмге де ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы бұл саланы экономиканы дамытуға қосымша серпін беретін перспективалы бағыттардың бірі деп атады. Өңірде негізгі туристік орталықтар айқындалып, жаңа бағыттарды дамыту бойынша қадамдар белгіленді.

Жиынды қорытындылай келе, Ермағанбет Бөлекпаев Жолдаудағы басты сын-қатер – техноцентризмге негізделген болашаққа дайындық екенін еске салды.

– Бұл бастамалар – жұмыстың бастамасы ғана. Баршамыз Мемлекет басшысының Жолдауын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру үшін күш біріктіруіміз қажет. Жетістік халықтың әл-ауқатына және елдің тұрақты дамуына тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз бірге, бір команда болып әрекет етуіміз керек, – деп түйіндеді облыс әкімі.