Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Қазақстандықтар бұл жолы өз тобында Иран құрамасымен шеберлік байқасты.
Осының алдында ирандықтар Филиппин командасын 3:2 есебімен жеңіп, оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсеткен еді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Ришат Гилязутдинов бастапқыда Сана Анарқұлова (капитан), Юлия Якимова, Татьяна Никитина, Маргарита Бельченко, Сәния Балағазинова, байланыстырушы Наиля Нигматуллинаға сенім артты. Либеролар Сәбира Бекішева мен Томирис Сағымбаева да ойынға қосылып отыр.
Алғашқы екі партияда қазақстандықтар айқын басымдылықпен жеңіске жетті – 25:14, 25:18. Алайда үшінші сетте ирандықтар шабуылда да, қорғаныста да ширақ қимылдап, 8:3, 11:3 есебімен қарсыласынан ұзап кеткен. Осы кезде алаңға Перизат Нұрбергенова мен Динара Разақберлина шықты. Қазақстандықтар таразы басын теңестіріп қана қоймай, 22:19 есебімен камбэк жасаудың сәл-ақ алдында болған. Алайда сол керемет мүмкіндігін пайдалана алмады – 22:25.
Төртінші партияда есеп 0:5 болған мезетте Сана Анарқұлова жарақат алып қалды. Соған қарамастан қазақстандықтар намысты қолдан бермей, жеңісті жұлып алды – 26:24. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы ұпай санын 12-ге жеткізді. Енді Филиппинмен болатын ертеңгі шешуші ойында 2:3 есебімен ұтылса да, В тобынан бірінші орынмен жартылай финалға шығады.