BANNER

Журналист болуды армандаған жас жігіт – қазір жанашыр фельдшер

Фото автордан

Медицина саласындағы әрбір маманның орны ерекше. Әсіресе, фельдшер – науқасқа алғашқы көмек көрсететін, сырқат жанның қасынан алғаш табылатын жауапты маман. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Life09 ақпарат агенттігі фельдшер мамандығының қыр-сырымен танысу үшін Дархан Нұрланұлымен онлайн сұхбаттасты.  

Дархан бастапқыда мүлде басқа арман қуған. Журналист болуды мақсат еткен бозбала анасының ақылын тыңдап, медицинаны таңдапты. Бүгінде ол Жезқазған медициналық колледжін тәмамдап, бірнеше жыл бойы фельдшер ретінде еңбек етіп жүр. Өз мамандығына шын берілген ол: «Науқастың жасына да, диагнозына да қарамай, көмектесу – біздің парызымыз», – дейді.  

Дархан Маннап көбіне қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек пен буын ауруларымен келетін науқастарға көмектесетінін айтады. Ол үшін басты қасиеттер – жедел шешім қабылдау, мейірімділік пен жанашырлық.  

.

«Фельдшер – жан-жақты болуы тиіс. Тиянақтылық пен тазалықтан бөлек, науқастың жағдайын шұғыл сараптап, дұрыс шешім қабылдай білу қажет», – дейді ол.

Өз кәсібіне кездейсоқ келгенімен, жүрек қалауымен қалатын адамдар бар. Дархан – солардың бірі. Журналист боламын деп армандаған бозбала бүгінде ақ халатты абзал жан ретінде халық алғысына бөленіп жүр.